+7 (727) 2 599 899, 797, WhatsApp +77719933750

Сақтандыру терминдері мен түсініктемелерінің сөздігі


Сақтандыру терминдері мен түсініктемелерінің сөздігі
 
Сақтандыру агентi - сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

Аддендум – тараптар арасында келісілген, шарттардың бұрын қабылданған талаптарына өзгерістер және/немесе толықтырулар мазмұндалатын жасасылған сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына қосымша келісім. 

Актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қажетті төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығының қажетті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің экономикалық-математикалық есептеулерін жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.

Андеррайтер – сақтандыру (қайта сақтандыру) компаниясы немесе Lloyds синдикаты тәуекелдерді сақтандыруға уәкілеттік берген тұлға. Сақтандырушының немесе қайта сақтандырушының сақтандыру (қайта сақтандыру) қоржынын қалыптастыру үшін жауап береді. Тәуекелдің, сақтандыру тарифтерінің және сақтандыру талаптарының тиісті деңгейін белгілеу үшін қажетті білімі және тәжірибесі болуы тиіс. 

Аннуитеттік сақтандыру – сақтандырылушылар белгілі бір жасқа жеткен кезде, еңбек қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда (жасы бойынша, мүгедектік бойынша, сырқаттануы бойынша), асыраушысынан айрылған кезде, жұмыссыз қалған кезде немесе сақтандырылушылардың жеке табыстарының азаюына немесе жоғалуына әкеп соқтыратын басқа жағдайларда, зейнетақы немесе рента түріндегі мерзімдік сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын жеке сақтандыру түрлерінің жиынтығы. 

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша дерекқор – сақтанушы, сақтандырылушы және сақтандырушы туралы ақпараттардың жиынтығы.

Сақтандыру делдалы – сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша кеңес беру қызметін және сақтандыру шарттарын өз атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша немесе қайта сақтандыру шарттарын өз атынан немесе цеденттің (сақтандыру компаниясының) тапсырмасы бойынша жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырушы заңды тұлға.

Өзара сақтандыру – азаматтар және заңды тұлғалар өз мүлкін және басқа мүліктік мүдделерін өзара негізде, өзара сақтандыру қоғамдарында ол үшін қажетті қаражатты біріктіру арқылы сақтандыру алады. 

Пайда алушы – сақтандыру шартына немесе міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерге сәйкес сақтандыру төлемінің алушысы болып табылатын тұлға. Заңды тұлғамен қатар, азаматтар да пайда алушы бола алады. Пайда алушы жеке сақтандырумен қатар, мүліктік сақтандыру бойынша да тағайындала алады. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша пайда алушы сақтандырудың аталған түрін реттейтін заңнамалық актілермен анықталады, сақтандырудың ерікті түрлері бойынша оны сақтанушы тағайындайды. 

Топтық сақтандыру – топтық сақтандыру кезінде бір сақтандыру шартымен бір мезгілде пайда алушы болып табылатын біреше сақтандырылушы қамтылады. Топтық сақтандыру жеке, сонымен қатар мүліктік, дербестендірілген, сондай-ақ тұлғалардың белгілі бір санатын қамтитын топтастырылған болуы мүмкін. Жұмыс берушінің өз қызметкерлерін ұжымдық сақтандыруы жеке сақтандыру ғана болуы мүмкін. 

Қосарланған (көп мәрте) сақтандыру – бір объектіні әрқайсысымен жеке шарт жасасу арқылы бірнеше сақтандырушыда сақтандыру. Мүлікті қосарланған сақтандыру кезінде әрбір сақтандырушы сақтанушы алдында онымен жасасқан шарттың шегінде жауапты болады, алайда сақтанушының барлық сақтандырушыдан алатын сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы нақты залалдың мөлшерінен артық болмауы тиіс. Қосарланған (көп мәрте) жеке сақтандыру кезінде әрбір сақтандырушы басқа сақтандырушылардың орындағанына қарамастан, сақтанушы алдындағы өзінің міндеттерін орындайды. 

Нақты құн – сақтандыру объектісінің нақты (нарықтық) құны, сақтандыру шартын жасасу күні әрекет еткен бағалардан шыға отырып есептеледі және мыналардан анықталады:
ғимараттар мен құрылыстар үшін – опат болған (зақымдалған) ғимаратты немесе құрылыстың тозуын және пайдалану техникалық жай-күйін есепке ала отырып, опат болған ғимаратқа немесе құрылысқа толықтай ұқсас, ғимараттың аталған жеріндегі құрылыстың құны;
үй мүлкі мен жеке пайдалану заттары үшін – олардың тозуын шегергендегі, опат болғанға толық ұқсас затты сатып алу үшін қажетті сомадан шыға отырып. 

Ерікті сақтандыру – тараптардың өз еркімен жүзеге асырылатын сақтандыру. 

Аннуитет шарты – сақтандыру шарты, оған сәйкес сақтандырушы мерзімдік төлем түріндегі сақтандыру төлемін Пайда алушының пайдасына шартпен белгіленген мерзім ішінде төлеуге міндетті. Аннуитет шарты жинақтаушы сақтандыру шарттарына жатады. 

Тапсырыс шарты – тапсырыс шарты бойынша бір тарап (сенім жүктелген тұлға) басқа тараптың (сенімгер) атынан және оның есебінен белгіленген заңды әрекеттерді жасауға міндеттенеді. Сенім жүктелген тұлға жасаған мәміле бойынша тікелей сенімгерде құқықтар мен міндеттер туындайды. Тапсырыс шарты жазбаша нысанда жасасылады. 

Сақтандыру шарты, сақтандыру полисі – сақтанушы мен сақтандыру компаниясы арасындағы құқықтық қатынастардың орын алғанын анықтайтын және сақтандыру талаптарын белгілейтін құжаттар. Сақтандыру шарты бойынша бір тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, ал екінші тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы орын алған кезде, сақтанушыға немесе оның пайдасына шарт жасасылған тұлғаға (пайда алушыға) шартта белгіленген соманың (сақтандыру сомасының) шегінде сақтандыру төлемін төлеуге міндеттенеді. 

Сақтандырылушы – оған қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Егер шартта басқалай көзделмсе, сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады. 

Мүліктік сақтандыру – мүліктік сақтандыруға мүлікті және онымен байланысты мүдделерді, оның ішінде кәсіпкерлік тәуекелдердің азаматтық-құқықтық жауапершілігін сақтандыру жатады. 

КАСКО – бұл көлік құралын тәуекелдердің барлық түрлерінен: айдап әкетуден, қасақана немесе байқаусызда зақымдаудан, жол-көлік оқиғасынан, Сіздің автомобиліңізге кез-келген заттың құлауынан, өрттен, дүлей апттардан және басқа көптеген тәуекелдерден ерікті сақтандыру түрі. КАСКО тек Сіздің автомобиліңізді ғана қорғайды (КАСКО-ға жолаушыларды, автомобильмен тасымалданатын жүктерді және үшінші тұлғалардың алдындағы жауапкершілікті сақтандыру кірмейді).

Құрамдастырылған сақтандыру – әркелкі объектілер мен сақтандыру тәуекелдерін бір сақтандыру шарты бойынша сақтандыру.

Жеке сақтандыру – жеке сақтандыруға азаматтың өмірін, денсаулығын, еңбек қабілеттілігін және оның жеке басына байланысты басқа мүдделерін сақтандыру жатады. Жек сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзімен қатар, шартта көзделген басқа тұлға да (сақтандырылушы) сақтандырылуы мүмкін. 

КҚИ МАҚЖ – көлік құралдары иелерінің азаматтық – құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру. 

Сырқаттану жағдайынан сақтандыру – сақтандыру төлемін сақтандырылушының сырқаттануына және денсаулығының басқа кінәраттарына байланысты шығындарын беркітілген сомада және (немесе) ішінара немесе толық өтемақыда жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы, бұған жазатайым жағдайдан сақтандыру кірмейді. 

Ипотекалық сақтандыру – ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша кепіл мүлік болып саналатын тұрғын үйдің нарықтық құны төмендеген жағдайда, заемшының ипотекалық тұрғын үй заем шарты бойынша міндеттерін орындамауы салдарынан кредитордың мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толықтай өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандырудың бір түрі. 

Басқалай қаржы залалдарынан сақтандыру – жұмысты жоғалту, табысты жоғалту, жайсыз табиғи құбылыстары, үздіксіз, болжаусыз шығындар, нарықтық құнды жоғалту және қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру нәтижесіндегі басқа зақымдар салдарынан залалдар туындаған кезде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы, бұған «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 3-тармағының 12)-15)-тармақшаларында көзделген тәуекелдер кірмейді. 

Сот шығыстарын сақтандыру – сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты ол тартқан шығындар салдарынан болған шығыстары кезінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы. 

Кепілдемелер мен кепілгерліктерді сақтандыру – кепілдеме және кепілгерлік берген тұлғалардың берілген кепілдік пен кепілгерлікті орындау міндеті нәтижесінде мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толықтай өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін төлеуді қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы.

Жинақтаушы сақтандыру – төмендегідей негіздемелердің кез келгені бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру табылады: сақтандыру шартында белгіленген кезең өткеннен кейін немесе сақтандыру жағдайы басталған кезде, олардың қайсысы бірінші орын алғанына қарай. Жинақтаушы сақтандыру шарттары жеке сақтандыру бойынша ғана жасасылуы мүмкін. 

Тәуелсіз сарапшы – бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган оларда белгіленген тәртіпте аккредитивтелген жеке немесе заңды тұлға. 

Жинақтаушы емес сақтандыру – сақтандыру жағдайы басталған кезде ғана сақтандыру төлемін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру.
Үйлесімсіз қайта сақтандыру – оның кезінде қайта сақтандыру ұйымы тиісті сақтандыру шартында көзделген талаптар орын алған кезде, өтеуге жататын залалдардың толық сомасы қайта сақтандыру шарты бойынша цедент жеке ұстап қалатын сомадан артатын мөлшерде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру міндетін өзіне қабылдайтын қайта сақтандыру. 

Сақтандыру объектісі – сақтандыру объектісі заңды тұлғаның немесе азаматтың кез келген мүддесі болуы мүмкін. Сақтандыру объектісі сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандырудың аталған түрлерін реттейтін заңнамалық актілермен анықталады. Сақтанушының мүддесіне кереғар келетін мүдделер сақтандыруға жатпайды. 

Міндетті сақтандыру – заңнамалық актілердің талаптарына сай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Сақтандыру қоржыны – сақтандырушы белігі бір кезеңде сақтандыруға қабылдаған тәуекелдердің жиынтығы.

Қайта сақтандыру – сақтандыру шарты бойынша сақтандыру компаниясы қабылдаған сақтандыру тәуекелдерінің барлығын немесе олардың бір бөлігін кейіннен қайта сақтандыру ұйымына олардың арасында жасасылған қайта сақтандыру шартына сәйкес тапсыруға байланысты туындайтын қызмет және оған байланысты қатынастар. 

Қайта сақтандырушы (цедент) – өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға тапсыруды жүзеге асырушы сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы.

Қайта сақтандырушы ұйым (қайта сақтандырушы) – уәкілетті органның тиісті лицензиясының негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.

Сақтандыру ережесі – сақтандыру ұйымының сақтандырудың белгіленген түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын анықтайтын құжаты.
Үйлесімді қайта сақтандыру – оның кезінде қайта сақтандыру ұйымы қайта сақтандыру шарты бойынша цеденттен қабылданған сақтандыру міндеттерінің үлесіне үйлесімді мөлшерде тиісті сақтандыру шартында көзделген талаптар басталған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетін қабылдайтын қайта сақтандыру. 

Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушылары – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде өз қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру делдалы, актуарий және уәкілетті аудитор.

Пруденциалды нормативтер – уәкілетті орган белгілейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтауға міндетті нормативтер.

Тікелей реттеу – сақтандыру төлемін жүзеге асыру механизмі, бұл ретте көлік оқиғасынан жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды онымен жәбірленуші көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушы өтейді.

Ретроцессия – қайта сақтандырушының ол факультативті түрде немесе қайта сақтандыру шарттары бойынша басқа қайта сақтандырушылардан қабылдаған тәуекелдердің бөлігін тапсыруы. 
Меншікті ұстап қалу – сақтандыру сомасының цедент қайта сақтандыру шартына сәйкес оның шегінде өзінің есебінен жауапты болатын бөлігі. 

Ортақ сақтандыру – сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерін бір мезетте бірнеше сақтандыру компанияларының олардың арасында жасасылған ортақ сақтандыру шартына сәйкес өздерінің жауапкершіліктерін бөлу арқылы қабылдауға байланысты қызметі және оларға байланысты қатынастар. 

Сақтанушы – сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Сақтанушы заңды тұлға және жай азаматтар болуы мүмкін. 

Сақтандыру – сақтандыру жағдайы немесе сақтандыру шартында анықталған басқа оқиға басталған кезде сақтандыру ұйымы өзінің активтері есебінен сақтандыру төлемін төлеуі арқылы жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін мүліктік қорғайтын қатынастардың кешені. 

Сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзім басталған кезде сақтандыру сомасының шегінде сақтанушыға (пайда алушыға) төлейтін ақша сомасы. 
Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімі шартта белгіленеді. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша олар заңнамалық актілерде белгіленуі мүмкін. 

Сақтандыру қызметі – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының заңнаманың талаптарына сәйкес уәкілетті органның лицензиясы негізінде жүзеге асырылатын, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға және оларды орындауға байланысты қызметі.

Сақтандырушы – сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе оның пайдасына сақтандыру шарты жасасылған басқа тұлғаға шартта белгіленген сома шегінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті тұлға. 

Сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы сақтандырушыға оның сақтандыру немесе аннуитет шартында белгіленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетін қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы.

Сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы. 

Сақтандыру құны – сақтандыру шартын жасасу сәтіндегі сақтандыру объектісінің шынайы (нақты) құны.

Нақты құннан артық сақтандыру – егер сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы сақтандыру құнынан (сақтандыру объектісінің шынайы құнынан) артық болатын болса, шарт шартты жасасу сәтіндегі сақтандыру құнынан артық бөлігіне қатысты әрекетсіз деп табылады. 

Нақты құннан төмен сақтандыру – егер сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы шартты жасасу сәтіне сақтандырылған мүліктің нақты құнынан төмен болатын болса, онда сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру сомасы мен сақтандырылған мүліктің нақты құны арақатынасына үйлесімді түрде есептеледі. 

Сақтандыру жағдайы – сақтандыру шартында қарастырылған, оның басталуымен сақтандырушының сақтанушыға немесе пайда алушыға сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндеті туындайтын оқиға. 

Сақтандыру резервтері – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының актуарийлік есептер негізінде есептелетін сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша міндеттері. 

Жазатайым жағдайлардан сақтандыру – сырқаттану жағдайынан сақтандыруды қоспағанда, жазатайым жағдайдың салдарынан сақтандырылушының қайтыс болуы, еңбек қабілеттілігін (жалпы немесе кәсіби) жоғалтуы (толықтай немесе ішінара) немесе оның денсаулығына зақым келуі жағдайларында, сақтандырылушының шығындарын беркітілген сомада және (немесе) ішінара немесе толықтай өтемақы мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы. 
Жазатайым жағдай деп адамның ырқынан тыс орын алған, кенеттен сақтандырылушының ағзасына сыртқы механикалық, электрлі, химиялық немесе термикалық әсерден болған, оның денсаулығына зақым келтіруге, мертігуге не қайтыс болуына әкеп соқтыруы мүмкін қысқамерзімді оқиға түсіндіріледі. 

Көлік құралдарын (автомобиль, теміржол, әуе жолы, су жолы) сақтандыру – тұлғаның көлік құралын иеленуіне, пайдалануына, оған билік етуіне байланысты оның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды, оның ішінде айдап әкетуді немесе ұрлықты, сондай-ақ оның зақымдалу немесе құртылу салдарын қоса алғанда, ішінара немесе толықтай өтеу мөлшеріндегі сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын, сақтандыру түрлерінің жиынтығы. 

Жүктерді сақтандыру – тұлғаның жүкті, оның ішінде жолжүкті, тауарларды және басқалай барлық өнім түрін иеленуіне, оларды пайдалануына, оларға билік етуіне байланысты, оларды тасымалдау тәсіліне қарамастан, олардың зақымдалуы, құртылуы, жоғалуы салдарынан тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толықтай өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы. 

Мүлікті сақтандыру – тұлғаның мүлікті иеленуіне, пайдалануына, оларға билік етуіне байланысты оның зақымдалуы, оны жоғалту немесе оның құртылуы салдарынан тұлғаның мүліктік мүдделеріне келтірілген залалды ішінара немесе толықтай өтеу мөлшерінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы, бұған «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 3-тармағының 3)-7)-тармақшаларында қарастырылған мүлік кірмейді.